Дмитриевка ауылдық кітапханасы: «Жыр сұңқары Жұмекен» атты библиографиялық сағат өткізді. Іс-шара барысында жасөспірімдерге әнұранның авторы таныстырылды.
Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов 1935 жылы 28 қарашада Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Қошалақ құмының Ашақ деген жерінде дүниеге келді.
1954 жылы Нұржау кеңесіне қарасты Ленин атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін, 1954–1955 жылдары «Жас қайрат» сегізжылдық мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. 1955–1956 жылдары Қарағандыдағы №33/34 шахтада комбайнёрдің көмекшісі болып жұмыс істеді. 1956–1959 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының халық аспаптар бөлімінде оқыды.
1959–1965 жылдары «Жазушы» баспасында кіші редактор, 1965–1966 жылдары «Лениншіл жас» газетінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, 1966–1971 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып қызмет атқарды.
1971–1973 жылдары Мәскеу қаласындағы М. Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғарғы әдеби курсты бітірді. 1974–1978 жылдары Қазақ мемлекеттік кітап саудасы жөніндегі комитетінде редактор, 1978–1983 жылдары «Мектеп» баспасының тарих және география бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеді.
Алғашқы өлеңі 1955 жылы «Лениншіл жас» газетінде жарияланды. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Балауса» деген атпен 1961 жылы жарық көрді. Содан бері ақынның:
• «Сыбызғы сыры» (1962),
• «Өз көзімнен» (1964),
• «Жоқ, ұмытуға болмайды!» (1965),
• «Жарық пен жылу» (1966),
• «Күй кітабы» (1967),
• «Мезгіл әуендері» (1968),
• «Ұлым, саған айтам» (1970),
• «Қызғалдақ жайлы баллада» (1971),
• «Мен туған күн» (1972),
• «Жеті бояу» (1979),
• «Шуақ» (1980),
• «Ашық аспан» (1981),
• «Темірқазық» (1982),
• «Қыран қия» (1984),
• «Менің топырағым» (1985),
• «Ұрпағым, саған айтам» (1988),
• «Мен тамырмын» (2001),
• «Қасірет пен қайсарлық» (2001),
• «Жаңғырық» (2003),
• «Менің Қазақстаным» (2008)
атты өлеңдер мен поэмалар жинақтары жарық көрді.
Үш томдық өлеңдер мен дастандар жинағы 1996–1997 жылдары, екі томдық өлеңдер жинағы 2005 жылы жарыққа шықты. 2010 жылы қазақ әдебиетінің озық үлгілі классикалық шығармаларының «Алтын қалам» сериясымен өлеңдер мен поэмалар жинағы жарияланды. 2012 жылы Ж. Нәжімеденовтің жеті томдық толық шығармалар жинағы «Қазығұрт» баспасынан жарық көрді.
Қаламгер проза жанрында да жемісті еңбек етті. Оның қаламынан:
• «Ақ шағыл» (1973),
• «Кішкентай» (1975),
• «Даңқ пен дақпырт» (1977)
атты романдар жарық көрді. Ақынның әңгімелері, повестері, хикаяттары мен сын мақалалары 2005 жылы «Аспан шақырады» деген атпен басылып шықты.
Ж. Нәжімеденов — асқан күйші де болатын. Оның «Күй кітабы» негізінде 2006 жылы аудиокітап жарық көрді. Аудиокітапта ақынның күй құдіреті жайлы жазған өлеңдері мен өнер қайраткерлерінің орындауындағы күйлер бірге өріліп, тыңдарманға ұсынылған.
Ақынның орыс тіліне аударылған өлеңдер жинақтары:
• «Весенние ветры» (1969),
• «Моё рождение» (1982),
• «Тебе говорю, потомок» (1986),
• «Солнцеворог» (1994).
2003 жылы Санкт-Петербург қаласында орыс тіліне аударылған таңдамалы шығармалары «Я есть» деген атпен жарық көрді.
2002 жылы Атырау ақын-жазушылары кітапханасы сериясымен «Жұмекен» атты жинақ, ал 2005 жылы «Менің Қазақстаным» кітабы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді.
Ж. Нәжімеденов аударма саласында да еңбек етті. Ол Сағдидың «Бустан» дастанын, түрік ақындарының өлеңдерін, А. Блоктың «Зауал» дастанын, М. Лермонтов пен В. Маяковскийдің көптеген өлеңдерін, А. Вознесенскийдің шығармаларын қазақ тіліне аударды.
1963 жылы Мәскеуде өткен Жас жазушылардың IV конференциясына делегат болып қатысты. 1967 жылы Ұлы Отан соғысының қасіретін жырлаған «Жоқ, ұмытуға болмайды!» дастаны үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Ж. Нәжімеденов — Атырау облысының Құрметті азаматы.
Жұмекен Нәжімеденов — 2006 жылы қабылданған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының мәтін авторы.
2010 жылы «Менің Қазақстаным» атты жинағы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын иеленді.
Ақынның туған ауданында бір ауыл мен орта мектеп оның есімімен аталады. Ол туралы «Жұмекен» атты деректі фильм және М. Азбанбаевтың «Менің Қазақстаным — Жұмекен» атты зерттеу кітабы жарық көрді. Қ. Юсуповтың «Ж. Нәжімеденовтің ақындығы» атты монографиясы басылып шықты.
2006 жылы ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы «Жұмекеннің жүрегі» атты естелік кітап жарық көрді.
https://www.facebook.com/share/p/1C93BvosvX/?mibextid=wwXIfr
Қаралым саны: 9