Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданы «Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» | Ғибратты ғұмыр

Ғибратты ғұмыр

Дмитриевка ауылдық кітапханасында «Ғибратты ғұмыр» айдары аясында көрнекті жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясына арналған шолу-таныстырылым ұсынылды.

Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің «Қан мен тер» шығармасын оқуға шақыру – шараның негізгі мақсаты болды. Іс-шара барысында жазушының өмірі мен шығармашылығы таныстырылып, трилогияның негізгі идеясы мен кейіпкерлер арасындағы тартыс кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ оқырмандарды адамгершілікке, адалдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеу көзделді.

Іс-шара барысында «Қан мен тер» трилогиясының тарихы жан-жақты баяндалды. Шығарма 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен бастап, Колчак пен Булатов армияларының талқандалу кезеңіне дейінгі тарихи оқиғаларды қамтиды. Патшашыл ақ әскердің тіршілік келбеті, Арал теңізі өңірі тұрғындарының ел тұтастығы мен егемендігі жолындағы күресі оқырмандарға терең әсер қалдырды.

Трилогиядағы басты кейіпкерлер — Еламан, Рай, Мөңке, Кәлен, Тәңірберген, Ақбала және Төлеу әулетінің тағдыры арқылы бір дәуірдің тарихы, адам тағдыры мен әлеуметтік тұрмысы шынайы суреттеледі. «Қан мен тер» — халқымыздың өткені мен рухани болмысын айқын бейнелейтін биік көркем туынды.

 

 

17.12.2025
Қаралым саны: 20