Дмитриевка ауылдық кітапханасы «Ғибратты ғұмыр» айдары аясында «Әбу Сәрсенбаев — орны бөлек жазушы» атты тәлімдік сағат өткізді.
Әбу Сәрсенбаев 1905 жылы 15 қазанда қазіргі Атырау облысы Құрманғазы (Теңіз) ауданы Мақаш ауылдық округінің Алға ауылында дүниеге келген. 1929 жылы Астрахань кеңестік партия мектебін бітіріп, 1932–1934 жылдары Алматыдағы Комвузда оқыған. 1934–1936 жылдары «Түрксіб» газетінде редактор, 1936–1942 жылдары Қазақтың мемлекеттік баспасын басқарған. 1942–1947 жылдары Кеңес Әскерінің қатарында қызмет етіп, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстан кейін 1947–1953 жылдары Қазақтың мемлекеттік оқу — педагогикалық баспасының директоры қызметін атқарған.
Әдебиетке 1930 жылдардың орта тұсында келген Әбу Сәрсенбаевтың алғашқы өлеңдер жинақтары — «Еділ толқыны» (1937), «Жүрек сыйы» (1938), «Ант» (1939), «Ақша бұлт» (1947) — оның ақындық қарымын танытты. Ал соғыстан кейінгі жылдары жарық көрген «Туған өлке» (1948), «Махаббат жыры» (1949), «Отан таңы» атты кітаптары еңбек адамдарының ерлік бейнесін жырлауға арналды. Прозалық шығармаларының ішінде Каспий теңізшілерінің өмірі мен еңбегін бейнелейтін «Теңіз әуендері» (1969) романы мен «Толқында туғандар» (1953) еңбегі ерекше орын алады. Бұл шығармаларда қазақ балықшы —жұмысшыларының ауыр да мағыналы өмірі шынайы суреттеледі.
Жазушы драматургия мен оқу әдебиетіне де үлес қосқан. Ол Қ.Жұмалиевпен бірлесіп «Арбасу» (1948), ал кейін «Теңіз махаббаты» (1975) пьесаларын жазған. Сондай-ақ Е.Исмайыловпен бірге «Әдебиет хрестоматиясы» (3-сыныпқа арналған, 1938), «Оқу кітабы» (үлкендер мектебі үшін, 1941), «Ана тілі» (3-сыныпқа арналған, 1948, 1959) сияқты оқулықтар құрастырған. Әскери новеллалар мен эссе жанрында да елеулі еңбектер қалдырған. Оның шығармалары орыс, эстон, түрікмен, тәжік, болгар және басқа да тілдерге аударылған.
Әбу Сәрсенбаев А. Пушкин, М. Лермонтов, Ш. Петефи, Н. Некрасов және Фаиз шығармаларын қазақ тіліне аударған. Әдебиетке сіңірген еңбегі үшін 1987 жылы Қазақстанның Халық жазушысы атағы берілді. Ол Октябрь (Қазан) Революциясы, І дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Қызыл Жұлдыз», «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен марапатталған. 1995 жылы 25 қарашада өмірден өтті.
Шығармалары:
Өлең жинақтары: «Еділ толқыны» (1937), «Жүрек сыйы» (1938), «Ақмаралдың жүрегі» (1940), «Ант» (1940), «Ақша бұлт» (1948), «Туған өлке» (1948), «Махаббат жыры» (1956), «Миллиардтың ізімен» (1959), «Жазылмаған кітап» (1962), «Ақша бұлттар» (1966), «Баспалдақтар, биіктер» (1971), «Атырау сазы» (1975), «Ақырғы гранаталар» (1977), «Маржан таулар жырлайды» (1982), «Қасиетті махаббат» (1987), «Ақырғы граната» (1991), «Ғасыр мен ғасыр беттессе» (2002).
Прозалық шығармалары: «Сенің бақытыңды қорғағандар» (1950), «Толқында туғандар» (1953), «Офицер күнделігі» (1960), «Капитан ұлы» (1961), «Теңіз әуендері» (1969), «Жауынгер монологы» (1972), «Батырлар ізімен» (1974), «Ұстаздар мен тұстастар» (1986).
Әбу Сәрсенбаев – поэзия мен прозаны, публицистика мен педагогиканы тоғыстырған, қазақ әдебиетінің өрісін кеңейткен көрнекті қаламгер, халық руханиятының адал қызметшісі.

Қаралым саны: 26

