Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданы «Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» | Тәуелсіздік – қасиет тұнған ұлы ұғым

Тәуелсіздік – қасиет тұнған ұлы ұғым

Дмитриевка ауылдық кітапханасы «Тәуелсіздік – қасиет тұнған ұлы ұғым» атты патриоттық сағат өткізді.

Тәуелсіздік – ата-бабамыз талай ғасыр армандаған егемендік. Ол – тәтті де қастерлі ұғым. Егемен еліміздің болашағы жарқын болып, көк туымыз мәңгі желбірей берсін!

Асылына келгенде, «қазақ» сөзі көне түрік тілінде «тәуелсіз» немесе «рухы еркін» деген мағынаны береді. Бұл ұғым халқымыздың болмысы мен даралығын дәл сипаттайды.

Иә, тәуелсіздік – ұлы да салмақты сөз. Оның түбірінде тәу ету, құрметтеу, қадірін бағалау жатыр. Тәуелсіздік таңы – ащы термен, көз жасымен, қасық қанмен келген қасиетті жеңіс, халық жүрегінде мәңгі сақталатын қастерлі күн. Ол – ата-баба аңсаған азаттықтың айғағы, тарихтың өшпес таңбасы.

1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан өз егемендігін алып, ұлт пен ұлысты, салт-дәстүрді, мәдениет пен экономиканы дербес дамудың жаңа жолына бастады. Желтоқсанның ызғарына қарсы тұрған жастардың қайсар рухы мен елдің қажырлы еңбегі арқасында көк туымыз көкте желбіреп, кең байтақ жерімізде еңселі мемлекет орнады. Содан бергі уақыт ішінде ел болып талай биікке жеттік, төрткүл дүние таныған тұғырлы елге айналдық. Сол себепті бұл мереке – халқымыз үшін әрдайым қастерлі, мәні терең, құндылығы жоғары.

Ұлттың мүддесін, тілін, ділін қорғауда ешкім бізді тайдыра алмайды, өйткені еліміздің сенімді Президенті бар.

Ендігі міндет – ел болып мемлекетке қолдау көрсету. Бұл – әрбір азаматтың парызы, Отанға деген адалдықтың көрінісі.

Президент бастамасымен елімізді түбегейлі жаңғырту үдерісі басталып, саяси модернизация кеңінен жүргізілуде. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұсынған конституциялық реформалар елді саяси тұрғыдан жаңғыртып қана қоймай, қоғамда әлеуметтік әділеттілік орнатуға деген сенімге жаңа серпін берді.

Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Еліміздің келбеті баянды, аналар ардақты, балалар бақытты, өміріміз өркениет биігінде бола берсін!

Жасасын, жарқын еліміз!

15.12.2025
Қаралым саны: 36