Дмитриевка ауылдық кітапханасы:
«Нан болса, ән де болады» атты тәлімдік сағат өткізілді.
Нан – ең қасиетті ас. Кішкентай кезімізден аузымызға алатын ең алғашқы тағамның нан екеніне ешкімнің таласы жоқ. Үйімізге қонақ келсе, ең алдымен ұсынатынымыз да – нан. Асығып тұрған адам болса, үлкендер: «Ең болмаса, нан ауыз тиіңіз» – дейді. Дастархан басында да ең әуелі наннан бастаймыз. Нансыз дастарханның да, ішетін астың да дәмі болмайды.
Тіпті ғарышкерлер ғарышқа ұшқанда өздерімен бірге 4,5 грамм ғана нан алып, оны қуат көзі ретінде тұтынады екен.
Бұл – нанның құдіретті ас екенін дәлелдейді. Сол себепті зауыттарда тәулік сайын миллиондаған нан пісіріліп, халыққа жеткізілуде.
Нанды қалай болса солай бөлуге немесе турауға болмайды, өйткені оның әр ұсағының өзі киелі. «Нанның ұсағын жеген бала сауапқа қалады» – деп ата — әжелеріміз жиі айтатын. Себебі қиын — қыстау замандарда бір үзім нан талай жанның өміріне үміт сыйлап, жанына жалау болған.
Қазіргі тоқшылық заманда жастар, өкінішке қарай, нанның қадірін бұрынғыдай терең ұқпайды. Кез келген жерде тәтті тоқаш жеп, жерге түскен нанды елемей, тіпті қоқысқа тастай салатындар да бар. Бұл – кешірілмес қателік. «Бір тоқтықтың бір аштығы болады» – деп дана халқымыз бекер айтпаған.
Ендеше, еліміздің күш — қуаты, дастарханымыздың берекесі болған қасиетті нанды қадірлей білейік, балалар!
Қаралым саны: 70

