Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданы «Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» | Тәуелсіздік - қасиет тұнған ұлы ұғым

Тәуелсіздік - қасиет тұнған ұлы ұғым

Дмитриевка ауылдық кітапханасы "Тәуелсіздік - қасиет тұнған ұлы ұғым" атты патриоттық сағатын өткізді. Тәуелсіздік - ата бабамыз аңсаған егеменді ел болғанымыз. Тәуелсіздік тәтті ұғым, егеменді елдің болашағы зор болсын, көк туымыз мәңгі желбіресін.
Асылын айтқанда, «қазақ» деген сөз көне түрік тілінде «тәуелсіз» немесе «рухы еркін» деген мағынаны білдіреді. Бұл ұғым қазақ халқының нағыз болмысын баян етіп, даралығы мен даналығын дөп басқан түйін еді.
Иә, тәуелсіздік – ұлы ұғым, салмақты сөз. Тәуелсіздік дегеннің түбірі – тәу ету, құдіретін құрметтеу дегенге тән тағылым. Туасы, тәуелсіздік таңы – ащы термен, көз жасымен, қасық қанмен келген тәтті жеңіс, қасиетті күн. Сол тәуелсіздік –  егемендіктің еншісі, азаттықты аңсаған ата-баба арманы, тарихтың қайталанбас таңбасы болып жадымызда жатталады.
1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміз ұлты мен ұлысын, салты мен дәстүрін, мәдениеті мен экономикасын дербес дамудың дара жолына салды. Желтоқсанның ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен елдің ерен еңбегі арқасында көк туымыз көкте желбіреген, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық. Міне, содан бергі уақытта жеткен жетістігіміз аз емес, төрткүл дүние таныған төріміз тұғырлы, еліміз елеулі деңгейге көтерілдік. Осындай ерекшелікті еңсерген еліміз үшін бұл мереке қашанда қастерлі, құндылығы жоғары!
Ұлт мүддесін, тілін, ділін қорғауда ешкім тақымымыздан тайдыра алмайды, өйткені біздің сенімді Президентіміз бар! 
Ендігі жерде халық болып мемлекетке қолдау көрсетуіміз керек, бұл – әрбір перзентке парыз, Отанға деген адалдық деп білемін.
Президенттің бастамасымен мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үдерісі басталып, ел экономикасын дамытуды күшейтудің алғышарты ретінде саяси модернизация қарқынды жүргізілуде.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұсынған конститу­циялық реформалар мемлекетті саяси тұрғы­дан жаңғыртумен бірге халқымыздың қоғамда әлеуметтік әділеттілік орнатуға  деген сеніміне серпіліс әкелгенін айту қажет.
Тәуелсіздік күні құтты болсын! 
Ел бейнесі баянды, аналар ардақты, балалар бақытты, өміріміз өркениет өресінде бола берсін! 
Жасасын, жарқын ел!

 

12.12.2024
Қаралым саны: 121