Дмитриевка ауылдық кітапханасында “Михаил Александрович Шолохов — 120” атты библиографиялық сағат өткізілді. Іс-шара ауыл тұрғындары арасында өтті.
Михаил Александрович Шолохов (24.05.1905, қазіргі Ростов облысы, Вешенск ауданы — 21.02.1984, сонда) — орыс жазушысы, КСРО Ғылым академиясының академигі (1939), Социалистік Еңбек Ері (1967). Ол ауқатты шаруа отбасында дүниеге келген. Алдымен шіркеу-приход мектебінде, кейін гимназияда оқыған. Азамат соғысы жылдары азық-түлік мекемелерінде қызмет атқарған.
1922 жылы Мәскеуге келіп, түрлі жұмыстар істеді.
1923–1924 жылдары алғашқы әңгімелері мен фельетондары баспасөз бетінде жарияланып, кейін 1926 жылы шыққан “Дон әңгімелері” және “Мұнарлы дала” жинақтарына енді. Бұл әңгімелердің тақырыбы — Дон өлкесіндегі азамат соғысы, орыс деревнясындағы әлеуметтік өзгерістер, адам санасындағы жаңғырулар және басқа да өзекті мәселелер.
1925 жылы туған жеріне оралып, өмірінің қалған бөлігін сонда өткізді. Дәл осы жерде Шолохов “Тынық Дон” романын жаза бастады (1–2-кітаптары — 1928 ж.; 3-кітабы — 1929–1932 жж.; 4-кітабы — 1937–1940 жж.). Бұл шығарма жазушыны бүкіл әлемге танытты. Романда бір дәуірдің революциялық оқиғалары кең қамтылып, орыс әдебиетінің жаңа биікке көтерілуіне жол ашты. Шығармада адам мен тарих мәселелері қатар өріліп, Григорий Мелехов бейнесі әлем әдебиетіндегі жаңа көркемдік құбылыс ретінде қабылданды.
Келесі көлемді шығармасы — “Көтерілген тың” романы (1-кітабы — 1932 ж.; 2-кітабы — 1960 ж.), онда 1920–1930 жылдардағы орыс деревнясындағы өзгерістер көркем суреттеледі.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Шолохов “Правда” газетінің майдан тілшісі болды. Газет беттерінде оның көптеген очерктері мен әңгімелері жарық көрді. Осы жылдары “Олар Отан үшін шайқасты” романының кейбір тараулары (1943–1944) жарияланғанымен, 1949–1969 жылдары жазылған бөлімдермен қоса, роман толық аяқталмай қалды.
Шолоховтың соғыс тақырыбына арналған “Адам тағдыры” атты әңгімесі — дүние жүзі әдебиетіндегі ерекше құбылыс. Бұл шығармада соғыс кезіндегі адамның жеке трагедиясы бейнеленіп, оның идеялық өзегі — зұлматты жеңуге сенім, ерлік пен адамдықты паш ету.
Кеңес өкіметі жылдарында және одан кейін де Шолоховтың шығармашылығы туралы көптеген монографиялар мен зерттеу еңбектері жарық көрді.
Жазушының шығармалары сахнаға қойылып, киноға түсірілді, сондай-ақ КСРО мен шетел халықтарының көптеген тілдеріне аударылды. Оның ішінде қазақ тіліне де “Дон әңгімелері”, “Тынық Дон”, “Адам тағдыры” сияқты шығармалары аударылып, жарық көрді.
Шолохов 40 жылдан астам уақыт Қазақстанмен және қазақ жазушыларымен тығыз достық қарым-қатынаста болды. Ол М. Әуезовтің шығармашылығын жоғары бағалап, С. Мұқановпен жақын дос болған. 1954 жылы Қазақстан жазушыларының III съезіне қатысып, қазақ халқына және әдебиетіне өзінің шынайы ықыласын білдірді.
Әдебиеттегі елеулі еңбектері үшін Шолоховқа КСРО Мемлекеттік сыйлығы (1941), Лениндік сыйлық (1960) және 1965 жылы Нобель сыйлығы берілді. Сонымен қатар ол көптеген ордендер мен медальдармен марапатталған.


26.06.2025
Қаралым саны: 86
Қаралым саны: 86