Дмитриевка ауылдық кітапханасында мәдениет қайраткері, ұстаз, тарихшы, өлкетанушы, жазушы Қайролла Мұқановтың 93 жылдығына арналған тәлімдік сағат өтті.
Сара Мұқанова, Қайролла Мұқановтың қызы:
– Санап қарасақ, әкеміз 80 жыл бойы еңбек етіпті. 8-9 жасында-ақ колхозда жұмыс істей бастаған. Кітап оқуға, ізденіске құмар еді. Таршылық пен тапшылықты бастан кешірсе де, кітап оқуды тастамаған. Кәкімбек Салықов, Аманжол Қошанов сынды достары: «Біз стипендия алған кезде киноға баратынбыз, ал Қайролла кітап оқитын» деп айтатын.
Қиын — қыстау шақта Қайролла Мұқанов Алматыдағы ҚазГУ-ды тәмамдады. Жастайынан ұстаздық жолға түскен ол мектеп директоры, кейін басқармада қызмет атқарды. Жалпы, жерлесіміз оқу-ағарту саласына 44 жылын арнаған. Қайролла Мұқанов мұғалім ғана емес, тарихшы, өлкетанушы, жазушы ретінде де танылды.
Дмитриевка ауылдық кітапханасының кітапханашысы:
– Саналы ғұмырын оқу — ағарту саласына арнаған. Артына өшпес мұра қалдырған. Біздің біртуар перзенттеріміз туралы қалам тербеген. Мағжан Жұмабаевқа арнаған 200-ге жуық шығармасы бар. Сонымен қатар, «Ұмсын сұлу», «Алаш қызметкері», «Мағжанның ізімен» атты еңбектері жарық көрді. Ынтымақ пен Жалтыр ауылдарының шежірелерін жазып қалдырды.
Қайролла Мұқанов – Ынтымақ ауылының тумасы. Егер көзі тірі болса, қыркүйектің 26-сы күні 93 жасқа толар еді.


22.09.2025
Қаралым саны: 117
Қаралым саны: 117