Дмитриевка ауылдық кітапханасы «Байқала туралы естеліктер» атты өлкетану сағатын ауыл ақсақалдарының естеліктері негізінде ұйымдастырды. Ақсақалдар ата-аналарынан естіген аянышты тағдырлар туралы әңгімелеп берді. Олар Байқалада орнатылған ескерткіштің ашылу сәтінің куәгерлері.
Солтүстік Қазақстан облысы, Тимирязев ауданы, Жарқын ауылының жанында бір кездері концлагерь болған. Біреу білсе, біреу білмес, ауыл маңында үлкен қорым бар. Жергілікті халық бұл орынды «Байжатақ зираты» деп атайды. Қорым жанында жалғыз өскен алып бәйтерек бар. Куәгерлердің айтуынша, ол бірде өрт шалып, ішінен қуыс боп қалған екен. Жергілікті жұрт сол жерге барып, дұға оқып, садақа мен сыйын береді.
Әңгіме осы жер жайында болмақ. Қасиетті саналуының сыры — бұл мекен бір кезде қасіретті тарихтың куәсі болған.
1928 жылдың тамызында Қазақ АССР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесі байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу және өздерін жер аудару туралы декрет қабылдағаны тарихтан белгілі. Сол жылдары көшпелі аудандарда 400-ден астам, жартылай көшпелі аудандарда 300-ден астам, ал басқа аудандарда 150-ден артық малы бар байлардың мал-мүлкі тәркілене бастайды. «Байдың, бидің, сұлтан мен болыстың тұқымысың» деп, жазықсыз жандар да қуғынға ұшырап, зар илейді.
Жер аудару — бір күндік іс емес. Алдымен оларды бір жерге шоғырландыру керек болады. Содан кейін ғана этаппен жөнелтеді. Сол мақсатта уақытша шоғырландыру лагері – временный концентрационный лагерь құрылды. Мұнда Төңкеріс ауданының байлары әкелініп қамалады. Кімнің ойлап тапқаны белгісіз, біреу бұл орынды «Байқала» деп атап кетіпті.
Кейбір деректерге сүйенсек, бұл жерде бұрын «Түмен» деген ауыл болған екен. Ол — Көшке Тұрлығұлұлы деген байдың қонысы болған деседі. Кейін өзі де осы лагерьге қамалған. Лагерьде балшық пен шымнан салынған үш ұзын барак, күзетшілерге арналған үй мен шеберхана болған. Бәрі шырмауық сыммен қоршалған. Оны елестетудің өзі жан түршіктіреді.
Азық-түлік болмаған. Жергілікті жүрегі барлар азын-аулақ тамақпен бөліскен. Түнде кейбірі сыртқа тығылып шығып, өліп қалған малдың етін балталап әкеліп, жан сақтаған. Аштық пен аурудан қайтыс болғандарды алғашында жеке-жеке көмсе, кейіннен бәрін бір орға тастаған. Куәгерлердің айтуынша, бұл жерде 200-ден астам отбасы қамалған.
Қаралым саны: 58