Дмитриевка ауылдық кітапханасында «Асық – ұлттық ойын» насихат сағаты өтті
Дмитриевка ауылдық кітапханасы ұлттық ойындарды насихаттау мақсатында «Асық – ұлттық ойын» атты қызықты шара ұйымдастырды. Рухани қазына орталығында жұмыс істейтін «Алтын асық» үйірмесінің жасөспірімдері асық ойынының түрлі түрлерімен танысып, дәстүрлі ойынның сырын тереңірек түсінді.
Асық – қазақ халқының мыңдаған жылдар бойы дамып, ұрпаққа берілген ұлттық ойындарының бірі. Оны алаңда немесе далада ойнайды, және осы ойынды ойнаған бала мерген, епті, зерек, табанды әрі шыдамды болып өседі. Халқымыздың «Қой асығы демей-ақ, қолыңа түссе сақа тұт», «Асығың алшысынан түссін» деген мақалы асық ойынының мәдениеттегі ерекше орнын айқындайды.
Асықтың алшы, тәйке, бүк, шік, омпа, шоңқа сияқты түрлері бар, олардың ішінде алшы ерекше бағаланады. Өмірде жолы болып, табысты адамдарды «Асығы алшысынан түсіп тұр» деп сипаттайды. Ал жас ұрпаққа «алтын асықтай» немесе «киіктің асығындай шымыр бол» деп тілек білдіру – бабаларымыздың ойын арқылы жүйке жүйесін шыңдап, дәлдікке, ұстамдылыққа, төзімділікке тәрбиелеу дәстүрінің көрінісі.
Асық – төрт түлік мал мен қоңыр аңның жілігінен жасалады және оның бірнеше түрі бар:
• Сақа – үлкен әрі шымыр асық, жеткен еркек қой немесе қошқар-текеден алынады.
• Кеней – көпшілікке арналған қарапайым асықтар.
• Шүкейт – жас малдың асығы.
• Қойлық – қойдың асығы.
• Ешкімек – ешкінің асығы.
• Құлжа – құлжаның асығы.
• Көктабан – қорғасын құйылған салмақты сақа асық.
• Топай – сиырдың асығы.
• Жабай – ірі асық.
• Қолқар – арқардың асығы.
Бүгінгі шара арқылы балалар тек ойнап қана қоймай, қазақ халқының ұлттық дәстүрі мен мәдени мұрасымен танысты, өздерінің төзімділігін, шапшаңдығын және дәлдігін шыңдады. Асық ойыны – тек ойын емес, ол – ұрпаққа берілген тәрбие мен даналықтың көрінісі.

Қаралым саны: 26

