Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданы «Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» | Алаш ардақтысы – Міржақып Дулатұлы

Алаш ардақтысы – Міржақып Дулатұлы

Дмитриевка ауылдық кітапханасы «Алаш ардақтысы – Міржақып Дулатұлы» атты библиографиялық сағат өткізді.

Аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл

Міржақыптың балалық шағы

Міржақып Дулатұлы 1885 жылы 25 қарашада бұрынғы Торғай облысындағы Сарықопа болысында (қaзipгi Қостанай облысының Жанкелді ауданына қарасты "Қызбел" ауылы) дүниеге келген. Әкесі — Дулат аты шыққан шебер, ал анасы — Дәмеш әншілікке бейім болған. Міржақып екі жаста анасынан айырылды. Әкесі балаларының үлкені Асқарды әуелі мұсылманша, одан кейін орысша оқытып, заң қызметіне бағыттады. Осы жолмен кіші ұлы Міржақыпты да оқуға береді.

Алғашқыда бала Міржақып ауыл молдасында оқыды. Бірақ екі жылдан кейін басқа мектепке ауысып кетті. Ол жайында өзі де жазған.

"Жасым 8-ге келгенде әкем мені ауыл молдасына оқуға берген. Ол өте надан молда болатын. Қанша уақыт сол кісіден білім алғанымды білмеймін, бірақ араб тіліндегі дұғаларды жаттағанымнан басқа еш нәрсе үйренгенім жоқ", - деп жазды Дулатұлы.

Молдадан кейін Міржақып ауыл мектебінде орысша оқытатын Мұқан мұғалімнен дәріс алады. 12 жасында әкесінен айырылады. Ағасы Асқар әкесінің тілегін орындаймын деп, Міржақыпты ары қарай оқытады. Сөйтіп, інісін өзі оқыған екі кластық орыс-қазақ мектебіне береді. Міржақып Ыбырай Алтынсарин негізін салып кеткен мектепте бес жыл оқып, үздік бітіріп шығады.

"Осымен менің оқу орындарынан білім алуым аяқталды. 1902 жылдан бастап ауылда мұғалімдік қызметімді атқара жүріп, бос уақытымды білімді жетілдіруге жұмсадым", - деп еске алды Дулатұлы.

Жас мұғалім ел өміріне қалай араласты?

Міржақып өз бетінше ізденіп, орыс тілін жетік меңгереді. Мұғалім болған алты жылдың ішінде оң мен солын танып, ұлт қамы үшін күресуге дайындалады. Ақындық талантын да осы жылдары таныта бастайды.

Бұл кезең патша өкіметінің отаршылдықты қазақ даласында күрт күшейтіп, қалың елге тізесін қатты батырып тұрған шағы болатын. Бұл жағдай сол кездегі қазақтың көзі ашық, оқыған, зиялы азаматтарына қозғау салды. Ұлт үшін қызмет көрсетудің үздік үлгісін көрсеткен арыстардың қатарында Міржақып Дулатұлы да болды. Ахмет Байтұрсынов ұйықтап жатқан елді оятамын деп, "Масасын" ұшырса, Міржақып Дулатұлы "Оян, қазақ!" деп ұран салды.

 



https://www.facebook.com/story.php?story_fbid=2024575528312413&id=100022799556592&mibextid=wwXIfr&rdid=A9tere9RRlUmFRM0# 

18.09.2025
Қаралым саны: 131