Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданы «Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» | Абай — ұлттың данасы

Абай — ұлттың данасы

Дмитриевка ауылдық кітапханасы «Абай — ұлттың данасы» атты библиографиялық сағат өткізді. Хакім, ойшыл, данышпан Абай Құнанбаевтың туғанына — 180 жыл. Абайтану бұрышы ашылды. Әр түрлі туындыларды алып оқуға болады. Кітап сүйер қауымды кітапханаға шақырамыз.
 
Абай Құнанбаев (1845–1904) – ақын-ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің және қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер.
Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық және моральдық мәселелерін арқау етеді. Терең философиялық ой мен азаматтық пафосқа толы оның өлеңдері езгі мен надандыққа қарсы күреске шақырады. Жаңа заман ақыны ретінде Абай қазақ әдебиетінде поэма жанрының орнығуына ықпал етті.
 
Оның «Масғұд», «Ескендір» поэмалары — шығыс классикалық әдебиетімен сабақтас туындылар. Сонымен бірге Абайдың көркемдік прозадағы орны оның «Қара сөздері» арқылы айқындалады. Бұл еңбекте ақынның қоғамдық-саяси көзқарасы көрініс тауып, тарихи, педагогикалық және құқықтық мәселелер көтеріледі. Қара сөздердің ерекшелігі — тілінің көркемдігі, мазмұн байлығы және философиялық тереңдігінде. Ақынның азаматтық борыш, өмірдің мәні туралы қасиетті ойлары жас ұрпаққа бағытталған.
 
Абайдың музыкалық мұрасы — қазақ ұлттық өнері тарихында ерекше орын алады. Ақынның әуендік таланты халықтық негізде дамып, оның рухани жан-дүниесі мен әлемге көзқарасы лирикалық әндерінде айқын көрініс тапты. «Көзімнің қарасы», «Не іздейсің, көңілім», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Татьянаның хаты» сынды әндері арқылы Абай халықтық ән шығармашылығына жаңа ырғақ, ана тілді көркем әрі мағыналы қолданудың жаңа үлгісін енгізді.
 
Абайдың әндеріне М.Төлебаев, С.Мұхамеджанов, Ғ.Жұбанова, М.Қойшыбаев, Н.Тілендиев, Н.Меңдіғалиев сияқты композиторлар әндер мен романстар жазды.
 
 
 
20.05.2025
Қаралым саны: 6